С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры
1932 жылдың көктемінде жұмысшы жастар театры - ТРАМ деп аталған драма үйірмесінің негізінде құрылды.
Оны құруға театр саласында білімі жоқ жастар бастамашы болды, бірақ көп ұзамай Мәскеуде режиссерлік курсты бітірген Сейфолла Телғараев көмекке келді. Кейін театр және кино әртісі Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына ауысып кетеді.
Театрдың шымылдығы
1932 жылы Атығай Шаниннің «Зәуре» пьесасы бойынша қойылған спектакльдің премьерасымен ашылды.
1934 жылы театр «Қарағанды қалалық қазақ жұмысшы жастар театры» деп өзгертіліп, театр труппасы талантты актерлермен толықты. Олар кейін Қазақ ССР халық әртістері атанған Рахия Қойшыбаева, Әйкен Мұсабекова, Мүлік Сүртібаев, Жәмила Шашкина, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртістері Әнуарбек Шаймерденов, Мұқан Бектенов, Зейніл Көшкімбаев, Ағдарбек Ыбыраев, ҚазССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Атығай Шанин, Торша Жабаев еді. Жас ұжым өзінің кәсіби қызметін Н.В. Гогольдің «Үйлену» комедиясынан бастады. Театр репертуарында Бейімбет Майлиннің «Майдан», «Талтанбайдың тәртібі», Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» және басқа спектакльдері болды.
1936 жылы облыс орталығы Қарағанды қаласына көшірілуіне байланысты театр облыстық музыкалық қазақ драма театры болып аталды. Театрдың шығармашылық ұжымының қатарына Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі Мұздыбек Әбдікәрімов, Жамал Шаймерденова және МТӨИ-тын бітірген алғашқы режиссер Нәдір Камалов қосылды. Ілияс Жансүгіровтің «Кек» және жоғарыда аталған ұлттық драматургиямен қатар, орыс және шетелдік классика – Н. В. Гогольдің «Ревизор», К. Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» туындыларын игеріп жатқан шығармашылық ұжымның қалыптасуындағы маңызды кезең болды. Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан» және т.б. қазақ фольклорық шығармаларының тақырыптары бойынша сахналық қойылымдар мен спектакльдер ұжымның кәсіби өсуіндегі маңызды оқиға болды.
Қала мен театрдың мәдени өміріндегі маңызды оқиға
1936 жылы тамызда Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысуы еді. Театрдан жетекші актерлер Мүлік Сүртібаев, Сырлыбай Жүнісов, Рахия Қойшыбаева және Жәмила Шашкина, радиокомитеті атынан Т. Қалмағамбетов, Қали Байжанов, Зәбира Жұбатова және т. б. өнер көрсетті.
1940 жылы облыстық музыкалық қазақ драма театры ҚАЗДРАМА деп аталған Ескі қаладағы жаңа ғимаратқа қоныстанып, кең ауқымды, күрделі «Қыз Жібек», «Еңлік Кебек», «Амангелді», «Исатай Махамбет» «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Шекарада» сияқты спектакльдерді қоя алатындай мүмкіндікке ие болды. Қарағанды театрының тарихындағы айтулы бір кезең –осы қырқыншы жылдар. Соғыс жылдары Қазақстанға эвакуацияланған Завадский, Марецкая, Мордвинов, Сац, Ужви сияқты СССР-дің көрнекті мәдениет қайраткерлері жаңа өркендеп келе жатқан қазақ өнер шеберлерімен өзара шығармашылық байланысты нығайтып, кемелденіп өсуіне, жалпы рухани дамуға игі ықпал етті, ұлттық театр өнерпаздарын Станиславский жүйесімен таныстырды, оқытып үйретті.
Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ драма театрының әртістері Қызыл Армия жауынгерлерінің алдында өнер көрсетті.
1944 жылы Қазақ ССР Жоғары Советі Президумының Указы бойынша театрдың 8 артисіне: Мұздыбек Әбдікәрімов, Мұқан Бектенов, Мүлік Сүртібаев, Зейнолла Жақыпов, Әйкен Мұсабекова, Зейніл Көшкінбаев, Жәмила Шашкина, Әнуарбек Шаймерденовтерге ҚазССР-інің еңбек сіңірген артисі деген құрметті атағы берілді де, 6 артист Қазақ ССР Жоғары Советі Президумының Құрмет грамотасымен марапатталады.
1945 жылы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының директоры Мұратовтың атына Сталиннен телеграмма келеді. Онда «43880 сом жинап, майдангерлердің балаларына жіберген облыстық қазақ драма театрының ұжымына менің туысқандық сәлемім мен Қызыл Армияшылардың алғысын жеткізулеріңізді өтінемін»делінген.
1945-1946 жылдардағы Қарағанды театрында қойылған сүбелі шығармалардың қатарында «Абай» постановкасы мен «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясын айтуға болады. Сондай-ақ Гогольдің «Ревизор», Шиллердің «Зұлымдықпен махаббат» спекаткльдері репертуардан орын алады. Осы жылдары ҚазақССР-нің халық артисі, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов Қарағанды театрында көркем-ойын сауық істерін басқарушы қызметін атқарған.
1951 жылы «Советтік Қарағанды» басылымының 7 ақпан санында қазақ әдебиетінің классигі, сұлу да сырлы сөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің
«Абай» - Қарағанды қазақ драма театрының жаңа белесі» деген көлемді мақаласы жарияланады. «Абай» спектаклі Қарағанды театрының шығармашылық өсуінің белгілі бір белесі деп атап көрсетеді сөз зергері. Айтса айтқандай, «Абай» қойылымы Қарағанды театрының сахнасында көп жылдар бойы қойылып, репертуарынан түспеген.
1964 жылы ҚазССР Мәдениет министрлігінің 2 маусымдағы № 66 бұйрығымен театрға көрнекті қазақ жазушысы, мемлекет қайраткері С. Сейфуллиннің есімі берілді.
1978 жылы Сәкен Сейфуллин театры Қазақстан театрлары арасында тұңғыш болып Шекспирдің «Макбет» трагедиясын сахналады. Бұл – сол кездегі Қарағанды театрының ғана емес, жалпы қазақ ұлттық сахна өнеріндегі құбылыс болды деп бағалады көптеген мамандар. «Макбетті» орыс тілінен қазақ тіліне тәржімалаған – академик
Евней Бөкетов болатын. Қоюшы-режиссер – театрдың сол кездегі бас режиссері
Жақып Омаров. Басты рольді ойнауға Алматыдан атақты артист Нұрмұхан Жантөрин шақырылды.
1982 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры 50 жылдық мерейтойына орай Халықтар достығы орденімен наградталды. ҚазССР-нің еңбек сіңірген артисі
Қарғамбай Сатаевқа Халық артисі атағы беріледі. Ал актриса
Әсия Абылаева сексенінші жылдардың аяғында Қазақстанның халық артисі атағына ие болды. Осылайша бір шаңырақ астындағы қос Халық артисі Сәкен театрының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
1986 жылы «Өліара» спектаклінің шығармашылық тобы: қоюшы- режиссер Ерсайын Тәпенов, актер Кеңес Жұмабеков, қоюшы-суретші Мұрат Мақсұтов, актер Сердеш Қажымұратов, автор Сәкен Жүнісов барлығы бас адам ҚазССР-і Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
1996 жылы театрдың ардагер артисі
Кеңес Жұмабековке қазақ театр өнері мен мәдениетін дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін ҚР еңбек сіңірген артисі атағы берілді.
1999 жылы қазан айының 22-28-і аралығында Қарағандыда VII республикалық театр фестивалі өтті. Фестивальға барлығы 12 театр қатысады. Қарағанды облыстық қазақ драма театры "
Гран-Приді" еншіледі. Фестивальдің бас жүлдесі қарағандылықтарға Г.Гориннің «Атың шықпаса...» спектакліне берілді. Режиссері Әлімбек Оразбеков. Басты рөлде ойнаған таибиғи дарынды әнші-актер
Рамазан Баймағамбетовке Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағы берілді.
2000 жылы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры Мысыр елінің астанасы Каирдегі экспериментальды театрлардың халықаралық фестиваліне А.Ғаппаровтың «Қиямет қайым Киото» драмасымен қатысты. Оның алдында ғана бас режиссер Ә.Оразбеков сахналаған (суретшісі Қ.Мақсұтов) «Қиямет-қайым Киото» қойылымы Павлодар қаласында өткен VIII республикалық театрлар фестивалінде I-ші орын алды. Сонымен қатар, осы қойылым Египет Мәдениет министрлігінің арнайы жүлдесімен марапатталды.
2001 жылы Сәкен Сейфуллин театры Қызылжар қаласында өткен республикалық фестивальға Ш.Мұртазаның «Домалақ ана» спектаклімен қатысып, ІІІ орынды еншілейді.
2006 жылы театрдың белді артисі, сахнада батырлар мен хандарды шебер сомдаған өнер тарланы Қайрат Кемаловқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.
2008 жылғы желтоқсан айының 8-і С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры үшін тарихи күн болған еді. Іргесі қаланғанына 76 жыл толғанда барып қазақ театры өз ғимаратына қоныстанды.
Жаңа ғимаратта Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған Қазақстан театрларының XVII республикалық фестивалі өтті, театр мерекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен 15 өнер ұжымы келіп қатысты. Қазылар алқасы Сәкен театрының «Абай» қойылымын фестивальдің бас жүлдесі - "
Гран-Приге" лайық деп тапқан.
2012 жылы Сәкен Сейфуллин театрына басшылыққа
Сансызбай Бекболатов тағайындалды.
2013 жылы Сәкен театры Ақтөбе қаласында өткен Т.Ахтановтың 90 жылдығына арналған ХХІ республикалық драма театрлар фестиваліне сахналық фантазия үлгісіндегі режиссер Д.Жұмабаева қойған «Қыз Жібек» лиро-эпосы спектаклімен қатысып, актриса
Дина Заитова «Ең үздік әйел ролі үшін» аталымында жүлдегер атанды.
Осы жылдары С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының ұжымы тарихи сананы жаңғырту, өткеннің тағлымы мен тәлімін бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру мақсатында тарихи драмаларды қойды.
Театрдың шығармашылық ұжымы әр жылдары көптеген халықаралық, республикалық және аймақтық театр фестивальдеріне қатысып, Гран-приден бастап, түрлі жүлделермен, аристер мен актерлер лауреаттар атанып қайтты.
Театр гастрольдік сапарлармен Өзбекстан мен Қарақалпақстан, Түрікменстан, Румыния елдерімен қатар, Каир, Ялта, Минск, Баку, Қазан қалаларында спектакльдер қойып, қазақ театр өнерін әлемге танытып келеді.
2014 жылы Тараз қаласында «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» атты 1-ші халықаралық тетарлар фестиваліне Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты К. Жұмабеков «Актер өнеріне қосқан үлесі үшін» номинациясын жеңіп алды.
Тәттімбеттің 200 жылдық мерейтойына орай Түркияның Ескишехир, Анкара, Амасия қалаларында бірқатар мәдени іс-шараларды халықаралық TҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен құрамында алпысқа жуық музыканттармен театр артистері бар Қазақстандық делегация өз өнерлерін көрсетіп қайтты.
Македониядағы 5 – ші Халықаралық Шекспир фестиваліне У.Шекспирдің «Гамлет-тәпі» /трагифарс/ (реж.Қ.Қасымов) спектаклімен, Румынияның Тырговиште қаласындағы Халықаралық театрлар фестивалінде үздік 5 театрдың қатарына енді.
2019 жылы Қазақстан Үкіметінің 25 қазандағы Қаулысымен С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрына
«Академиялық» театр мәртебесі берілді.
2020 жылы Сәкен Сейфуллин театрының басшылығына
Құрман Қалымов тағайындалды.
2021 жылы театрға
Айдын Салбанов көркемдік жетекші болып тағайындалды.
2021 жылы – Сәкен Сейфуллин театры бастамашы болған белгілі театртанушы Ә. Сығай атындағы «Сын-шын болсын» республикалық театр фестивалі нағыз өнер мерекесіне айналды.
Фестивальға еліміздің әр аймағынан келген 15 театр қатысып, Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Құлагер» қойылымы «Гран-при» жүлдесін иеленсе, Сәкен Сейфуллин театрының «Электра» драмасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Бас жүлдемен» марапатталды.
Қазан айының аяғында аңыз актриса Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының 28-ші республикалық фестиваліне Сәкен театры «Текебұрқақ» эксперименттік пластикалық морфоза қойылымымен қатысып, қоюшы-режиссер
Айдын Салбанов «Үздік режиссер» аталымында жеңімпаз деп танылды. Спектакль сондай-ақ Шолпан Жандарбекованың шәкірттері тағайындаған
«Шолпан жұлдыз» арнайы жүлдесімен марапатталды.
2023 жылы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры үшін жетістікке толы жыл болды. Театрдың шығармашылық ұжымының қатары облыс әкімшілігінің қолдауымен және театр басшылығының бастамасымен 25 адамдық халық және симфониялық аспаптар оркестрімен толықтырылды. Оркестрге бас дирижер болып Әбілқайыр Сағынбаев тағайындалып, ағымдағы жылдың "8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне" орай,
"Нәзік сәуле шуағында" атты алғашқы тұсаукесер концертін театр артистерімен бірге көрерменге паш етті. Сонымен қатар, мамыр айының 7-8 күндері, Ұлы отан соғысының ардагерлеріне арнап, драма артистерімен бірлесіп
"Майдан хаттары" атты концерттік спектаклін сахналады.
2023 жылы Сәкен Сейфуллин театры халықаралық театр фестивалдерінде де бақ сынады. Мамыр айының 21-30 аралығында Туркия мемлекетінің Трабзон қаласында, Әзербайжан, Болгария, Норвегия, Италия театрларының қатысуымен өткен "23-ші ҚАРАТЕҢІЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІНДЕ" және Конья қаласындағы Туркия, Иран, Косова, Әзербайжан мемлекеттерінің қатысуымен өткен 15-ші түркі тілдес мемлекеттер арасында өтетін "ТЫСЯЧА ДЫХАНИЙ-ОДИН ГОЛОС фестивальдерінде" Ш.Мұртазаның «Текебұрқақ» спектаклімен өнер көрсетіп үздіктер қатарынан көрінді.
1 маусым күні, Қарағанды қаласының облыс әкімдігінің қолдауымен театрымызға 25 штат бөлініп, шығармашылық ұжым қатары қуыршақ актерларымен толысып, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының Қуыршақ труппасының тұсаукесер ашылу салтанаты өтті. Қуыршақ труппасының ашылу салтанаты аясында "Айко мен Қарақшы" және "Қуыршақ думан" қойылымдары сахналанды.
2023 жылы дәстүр бойынша «Сын – шын болсын...» театр фестивалі, Қазақтың театр және кино өнерінің негізін салушылардың бірі, КСРО-ның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты - Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналып, II Республикалық "Сын-шын болсын" театр фестивалі өтті. Фестивальге еліміздің 25-ке жуық театрлары өтінім білдіріп, соның ішінде таңдаулы 9 театр іріктелініп алынды. Республика көлемінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып атап өтілетін бұл театрлар бәйгесі болашақтада өз жалғасын табады деген сенімдеміз.
Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында өткен, Қарағанды қаласының мәдениет қызметкерлерін марапаттау мерекелік іс-шарасында С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының артистері шет қалған жоқ. Театрымыздың бір қатар қызметкерлері «Қарағанды облыс әкімінің сыйақысына» ие болды.1. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлығының иегері Жұмабеков Кеңес Нарынбайұлы - «Мамандығына адалдығы үшін» наминациясы бойынша «Алтын қобыз» премиясымен марапатталып, екі миллион теңге ақшалай сыйақыға ие болды.
2. Қазақстанның Құрметті журналисі, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының баспасөз хатшысы Батырханова Сағат Сыдыққызы «Алтын жолақ» аталымы бойынша «Алтын қобыз» премиясымен марапатталып бір миллион теңге ақшалай сыйақысын қанжығалады.
3. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының жас, талантты актері Нұрмағамбетов Айдос Нұрмұханұлы «Жыл артисі» жүлдесінің иегері атанып, «Алтын қобыз» премиясымен марапатталды. Сонымен қатар, Қарағанды облыс әкімінің бір миллион теңге көлеміндегі арнайы сыйақысына ие болды.
2023 жылдың 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өткен Талдықорған қаласында Туркия, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің қатысуымен Бикен Римованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «BIKEN I» халықаралық театр фестиваліне О.Бөкейдің "Атау кере" драмасымен бақ сынап, театрымыздың көркемдік жетекшісі және қойылымның режиссері Айдын Салбанов "Үздік режиссер" жүлдесіне және театрымыздің актрисасы Әнелі Сағындықова "Шолпан Жандарбекованың ізбасары" жүлдесімен марапатталды.
Арадан көп уақыт ұзамай қазан айының 9-15 аралығында Петропавл қаласында өткен Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық театр фестиваліне де О.Бөкейдің «Атау-Кере» қойылымымен қатысып, театрымыз "Үздік Сценография" жүлдесіне ие болды.
2023 жылы қазан айының 20-25 аралығында Алматы қаласында өткен Almaty Puppet Festival l-ші халықаралық фестиваліне С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының Қуыршақ труппасы "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" ертегісімен қатысып, “Үздік суретші” жүлдесін еншіледі. Артынша, өнер ұжымы дәл осы халық ертегісімен Оман сұлтандығының астанасы Маскат қаласында өткен,
"Алдин» халықаралық театр фестивалінде бақ сынап “Үздік костюм ” жүлдесімен марапатталды.
2023 жылы Қараша айының 1-5 күндері аралығында театрымыз, елімізде тұңғыш жаңа форматта Алматы қаласында өткен "I- Республикалық жастар театрлары фестиваліне, Ресей мемлекетінің Вахтангов театрының режиссері Гүлназ Балпейісовамен 2022 жылдың сәуір айында болған қарқынды жұмыс нәтижесінде қойылған М.Әуезовтің “Қарагөз” спектаклімен қатысып, "Үздік режиссер" жүлдесіне ие болды.
2023 жылы театр труппасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Ерғали Жүнісбеков пен Кеңес Жұмабеков, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов, «Құрмет» орденді актрисалар Гүлсара Рәшқалиева, Нүржібек Жансүгіровалардың қатарына жаңа жас толқын келіп қосылды. Шығармашылық ұжым кәсіби мамандардан құралған қуыршақ труппасы және басқа да суретші, хореограф мамандармен, барлығы 30-ға жуық жастармен толықты.
Театр атты қарашаңырақтың киелі сахнасынан адамның жан-дүниесін тазартып, рух беретін, көңіл көкжиегін кеңейтетін ол - көркемөнер, ал ойлы да, өрелі қойылымдарды патша көңіл көрермен әрдайым асыға күтеді. Халықтың қазынасы, адамзат баласының байлығы саналатын, сананы серпілтіп, ізгілікке үндейтін – театр өнері қашанда қадірлі, қашанда құрметті! Сахна төрінде адам баласын толғандыратын күрделі мәселелермен бетпе-бет қауыштыратын, ұлттық құндылықтар мен тағлымды тарихымызды ұлықтайтын, махаббат пен сүйіспеншілікті жырлайтын кәсіби өнер өркендеп келеді.